Көлікте босанған қыз жүктілігін мұғалімдерінен корсетпен жасырған. Бұл туралы Жамбыл облыстық прокурорының көмекшісі Ермек Қуанышев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көлікте босанған қыз жүктілігін мұғалімдерінен корсетпен жасырған. Бұл туралы Жамбыл облыстық прокурорының көмекшісі Ермек Қуанышев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тергеу қорытындысына сәйкес, мұғалімдер босануға шақ қалғанша мектепке келіп жүрген өз оқушысының жүктілігін білмеген. Қыз жаңажылдық іс-шараларға қатысып, хорда ән салған. Қысқы каникулдардан кейін, босануына бір күн қалғанда, 12 қаңтарда сабаққа барған. Кейін оның өз жүктілігін жасыру үшін корсетпен келіп жүргені анықталды. Оны асырап алған ата-анасы малдыауылда болып, оныншы сыныпта оқитын қызының жүкті екенін білмепті.
Жамбыл облысының прокурорының көмекшісі Ермек Қуанышевтың айтуынша, кәмелетке толмаған қыздың оқиғасынан кейін Талас аудандық Үшарал орта мектебінің директоры өз қалауымен қызметінен кеткен.
"Мектеп директорымен бірге жұмыстан кету туралы арызды Талас аудандық білім бөлімінің жетекшісі Санат Әшірбеков те жазды. Сонымен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және сынып жетекшісі жұмыстан босатылады", - деп хабарлады Ермек Қуанышев.
Ал облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев аппарат жиынында бұл іске қатысы барлардың ешқайсысының жазадан құтылмайтынын айтты. "Облыстық білім басқармасы Талас ауданының әкіміне жауапты тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауына тапсырма берді", - деп хабарлады Жамбыл облысының әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбаршын Құланбаева. Енді кеңейтілген жиын өтеді деп жоспарланып отыр.
Оқиға 13 қаңтарда таңғы уақытта болған. Әйел өзінің асырап алған жүкті қызын алып, көршісінің көлігімен Таразға жолға шығыпты. Жолда қыз толғатып, ұл баланы туып алған. Осыдан кейін Ақкөл ауылына кіреберісте оқушының өгей шешесі жаңа туған сәбиді лақтырып жіберген. Алған жарақатынан сәби оқиға орнында шетінеп кетті. Көлік жүргізушісі бұл оқиғаны көріп, таңғалғанын және бұл қылмысқа қатысының жоқтығын айтып отыр. Кейін сәбидің әкесі делінген ер адам ұсталды. Жалпы асырап алған анаға, жүргізушіге және сәбидің әкесіне қатысты төрт қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қуанышев сәбидің әкесінің аты-жөнін атады - 1998 жылғы Сайлаубек Елдосов, Қаратау қаласындағы колледжде оқиды екен, ол да Талас аудандық Үшарал ауылының тұрғыны. Елдосов бастапқыда үйленемін деп, кейін жүкті қыздан бас тартқан.