Астанада алаяқ жоқ жиһазды сатқан. Бұл туралы елордалық прокуратура мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаскүнем танымал "OLX" интернет-платформасында жалған мәліметтер мен суреттерді көрсете отырып, жоқ жиһазды сату туралы фейк хабарландыруларды орналастырған.
"Мысалы, жәбірленушілердің бірі сотталғанның 50 мың теңгелік диван сатқаны туралы жалған хабарландыруына қызығушылық танытып, оның дұрыстығына көз жеткізбей және диванды жеке өзі көрмей, алдын ала төлем жасап, кінәлінің абоненттік нөмірінің балансын 40 мың теңгеге толықтырған.
Көрсетілген соманы иемденіп алғаннан кейін, сотталған байланысқа шығуды тоқтатқан", - делінген хабарламада.
Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асатын 40-тан астам жәбірленуші зардап шеккен.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, барлық жәбірленушіге келтірілген залалды өтеді.
"Сот үкімі бойынша, кінәлі кішкентай баласының болуына байланысты жазасын кейінге қалдыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!