Елордада "Астана дауысы" фестивалінің жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Шоуға 10-нан аса елдің әншілері қатысты, - деп хабарлайды Tеngrinews.kz тілшісі.
Елордада "Астана дауысы" фестивалінің жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Шоуға 10-нан аса елдің әншілері қатысты, - деп хабарлайды Tеngrinews.kz тілшісі.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен "Астана Дауысы" фестивалінде алғашқы болып Қайрат Нұртас өнер көрсетті. Ол "Жұбатуға арналады бұл әнім" әнін орындап шықты.
"Астана дауысы" фестивалінің алғашқы жүлдесін Қайрат Нұртасқа қала әкімі Әсет Исекешев табыстады. Әкім тіпті уайымдап, өз сөзінде "Азия дауысы" фестивалі деп айтып қалды. Бірақ Исекешев қателескенімен, артынша бірден сөзін түзетіп, Астананың Еуразиядағы ең мықты қалалардың бірі екенін айтып өтті.
Кейінірек сахнаға Украинадан келген Светлана Лобода шықты. Көрермендер әншінің өнеріне тәнті болды, тіпті Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков пен мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да.
"Бір жылдан соң дәл осы жерде, дәл осы уақытта кездесеміз", - деді әнші Светлана Лобода өз сөзінде.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де жүлделі болды. Өкінішке қарай, Димаш Құдайберген концертке келе алмады. Бірақ ол осындай жүлдеге ие болғанына өте қуанышты екенін айтып, видеоүндеу жолдады.
Осыған байланысты Димаштың жүлдесін оның саунд-продюсері Ерлан Бекчурин алды.
Ал Ресей атынан сахнаға Григорий Лепс шықты. Ол "Я поднимаю руки" әнін орындады. Музыкантқа жүлдені Олимпиада чемпионы, қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров табыстады.
Ал Беларусь атынан Бьянка шықты. Ол "Музыка" әнін орындады.
Германияның атынан әлемге танымал Can't Stop Thinking About You әнін орындайтын Oceana қатысты. Осылайша, Oceana Can't Stop Thinking About You әнін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында орындап шықты.
Түркиядан Ilyas Yalcintas, Швейцариядан Kadebostany тобының музыканттары қатысты. Сондай-ақ, Албания, Грузия, Нидерланд, Румыния және АҚШ елдерінің музыканттары да түрлі жүлделерге ие болды.
Айта кетейк, сахна сыртында Бьянка мен Лепс сұхбат беруден мүлде бас тартты. Ал Светлана Лобода, керісінше, концерттен алған әсерін айтып, тыңдармандарымен суретке түсті.
Сонымен қатар, Светлана Лобода кейбір қазақстандық шенеуніктермен сырттай таныс екенін айтып өтті.
"Біз бұл кісілермен іс-шараларда бірнеше рет көріскенбіз, сондықтан біз сырттай таныспыз. Үлкен жұмыстарды атқаратын адамдарға құрметпен қараймын, бұл оңай емес", - деді әнші.
Сондай-ақ, сахна сыртында Лободаның қазақстандық жанкүйерлерінің бірі сол қолында Лободаның портреті салынған татуировканы көрсетті.
"Неткен үлкен тату, Instagram-нан көргенмін", - деді әнші.
Светлана Лободаның 23 жастағы жанкүйері Андрей әншіні көру үшін арнайы Алматыдан келген екен. Андрей сүйікті қызының да осындай тату салдырып алғанын айтты.
Ал әнші Arash Eva-мен бірге өнер көрсетті. Дуэт сахнада Su Fue әнін орындады. "Қазақстанда жүлделі болу мен үшін өте маңызды, себебі мен бұл елді жақсы көремін. Маған осында ұнайды", - дейді Arash.
Сондай-ақ, осындай іс-шараны ұйымдастыру үшін режиссер Алексей Голубевтің шақырылғаны белгілі болды. Ол бастапқыда Алматыда жұмыс істеп, кейіннен Ресейге көшіп кеткен екен. "Сіздер қазір ғана жап-жаңа тарихқа куә болдыңыздар. Бұл бүкіл елдерді, бүкіл халықты біріктіруі керек", - деді режиссер Алексей Голубев.