Бүгін Қазақстанның астанасы "Жер сағаты" жаһандық акциясына қатысады деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Қазақстанның астанасы "Жер сағаты" жаһандық акциясына қатысады деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті уақыт 20.30-да қалада бір сағатқа жарық өшіріледі. Бұл - табиғатты сақтап, ғаламшарымыздағы шектеулі ресурстарға қамқорлық көрсетудің және климаттың өзгеруімен күрес идеясын қолдаудың нышаны. "Астанада іс-шара аясында қызықты бағдарлама әзірленеді, музыкалық ұжымдар өнер көрсетеді, би думаны ұйымдастырылып, Қазақстан тарихында алғаш рет ең көп көлемде қағаз ұшақтар ұшырылады. Сонымен қатар, "Жер сағаты" кезінде қатысушыларға керемет тосын сый жасалмақ", - делінген хабарламада. Оның қандай сый екені алдын ала жария етілмейді.
Өткен жылы акцияға әлемнің 150 елінен 2 миллиард адам қатысқан. "Жер сағаты" кезінде танымал ғимараттарда жарық сөндіріледі. Биыл олардың қатарына Алматы қаласындағы "Көктөбе" телемұнарасы, "Астана-Бәйтерек" монументі, Мәскеу Кремлі, Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондон Биг Бені, Рим Колизейі және басқа да жүздеген ғимарат еніп отыр. Айта кетейік, акцияға қатысатын адамдар, қалалар мен мемлекеттер саны жыл сайын артып келеді.
Қазақстан жаһандық шараға ресми түрде 2009 жылы қосылды, сол жылы оған Астана мен Алматы қалалары және 400-ден астам компания қатысты. Арада екі жыл өткенде "Жер сағатына" еліміздің 60 қаласы қосылды. Биылғы акция қалалық жасыл аймақтарды абаттандыру және орманды сақтау мен қалпына келтіру мақсатында "Ағаш отырғызу күні" ұранымен өтеді.