Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев, Баян Есентаева және Аружан Саин фотобайқаудың қазылар алқасы құрамына кірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев, Баян Есентаева және Аружан Саин фотобайқаудың қазылар алқасы құрамына кірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің баспасөз қызметі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Тәуелсіздік - қазақстандықтар көзімен" атты фотобайқаудың басталғанын жариялады.
"Байқауға Тәуелсіздік жылдары түсірілген әуесқой және кәсіпқой фотографтардың авторлық жұмыстары қабылданады. Суреттердің форматына шектеу қойылмайды, мобильдік телефондар арқылы түсірілген суреттер де қабылданады. Міндетті түрде суреттің сюжеті мен тарихы туралы аннотация болу керек", - делінген хабарламада.
Қазылар алқасының мүшелері таңдау жасау барысында ең алдымен тақырыптың ашылу деңгейіне, суреттердің мазмұнына назар аударады. Жеңімпазға 1 миллион теңге мөлшерінде сыйақы тапсырылады. Екінші орын иесіне - фотоаппарат, үшінші орын алған адамға планшет беріледі.
Қазылар алқасының төрағасы - Президенттің Баспасөз хатшысы Дәурен Абаев, мүшелері - Қазақстанның танымал және тәжірибелі фотографтарының бірі Валерий Коренчук, продюсер Баян Есентаева, "Мейірімділік" қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, фотографтар Эльмар Ахметов және Дамир Өтеген.
"Фотоконкурс" деп белгі салынған суреттер 18 ақпан - 18 сәуір аралығында [email protected] электрондық поштасына жолдануы керек. Хатта аты-жөнін және байланыс телефондарын да көрсету қажет. Жеңімпаздардың аты-жөні 2016 жылғы 29 сәуірде жарияланады", - деді Мемлекет басшысының баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне "25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр" атты интернет-акция басталды. Акция аясында әлеуметтік желі қолданушылары аватарларын 25.el.kz сервисі арқылы патриоттық белгілермен безендіріп жатыр.
Жалпыұлттық акция басталғалы бері 30 мың адам әлеуметтік желілердегі жеке парақшасын жаңартып үлгеріпті.
Видео-конференция арқылы акцияға еліміздегі, сонымен қатар, "Болашақ" бағдарламасы арқылы Мәскеу, Қытай, Лондон және Вашингтонға оқуға кеткен студенттер де қосылды.