Астанада сыныптасын қаламсаппен өлтірген баланың психикалық ауытқуы болған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне қала прокуратурасының қызметкері Жасұлан Сәрпеков айтты.
"Бұл мектепке ер балалар №52 және 66 мектептерден келіп қабылданған. Олардың бұрын оқыған мектептері берген мінездемеге қарағанда, балалардың мінез-құлқы қалыпты. 52-мектептен ауыстырылған ер бала үйден білім алған. Оның психикалық ауытқуы бар. Оған 2014-2015 жылдары жалпы білім беретін мектепте құрдастарымен бірге оқуға кеңес берілген. 2013-2014 жылдары ол үйден білім алды. Жасөспірім психикалық ауытқуы бар адамдардың тізімінде тұрған", - деді Сәрпеков.
Сыныптасын өлтірген ер бала қазір ата-анасының жанында. Тергеуалды тексеріс жүріп жатыр, соның нәтижесі бойынша қылмыстық іс қозғалады. "Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабы болуы мүмкін. Бала 13 жаста. Заңнамаға сәйкес, қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Баланың ата-анасы да жауапқа тартылмауы мүмкін. Кінә тергеуалды тексерістің нәтижесінде анықталады. Мұғалімдер немесе мектеп инспекторы тарапынан да кемшілік жіберілген болар, мұндай жайтқа жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін", - деді Сәрпеков.
Еске сала кетейік, бұл оқиға Астанадағы №76 мектеп-лицейде тарих пәні сабағында болған. 13 жастағы бала сыныптасын кеуде тұсынан қаламсаппен ұрған. 8-сынып оқушысы алған жарақатынан "жедел жәрдем" көлігінде қайтыс болды. Мектеп директорының айтуынша, оқушылар арасында төбелес пен дөрекі ұрыс-керіс болмаған, олар жай ғана өзара келіспей қалған.