Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянмен кездесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

"Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың басымдығы бар мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахайян өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті тұстарын талқылады", - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша нығайғанын атап өтті.
Әңгіме барысында Таяу Шығыс елдерінің ішінде БАӘ-нің Қазақстандағы негізгі инвесторлардың бірі болып отырғаны да айтылды. Тығыз ынтымақтастықтың мысалдары ретінде Астанадағы көпфункционалды "Әбу-Даби Плаза" кешенінің құрылысын, Al Hilal Bank ислам банкі мен Қазақстандағы "Фалах бірлескен инвестициялық қордың қызметін айтуға болады.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-де жұмыс сапарымен жүр. 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында ол Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының "Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы" сыйлығымен марапатталды.