Біз неге теңгемізді девальвацияладық?
немесе дамыған елдер елімізден өз өндіріс орындарын көшіріп әкетпек пе?
Жаңа, 2014 жыл басталғалы бері әлемнің дамушы елдерін дағдарыс қырсығы шалғандай. Үндістан, Түркия, Ресей, Бразилия, Қазақстан, енді тіпті Қытайдың өзінде біршама қызық жағдайлар орын алып отыр. Аталған елдердің барлығында дерлік ұлттық валюталары девальвацияға ұшырады.
Экономикаларының дамуы саябырсып, қоғамдарында күдікті тенденциялар көбейіп кетті. Бұл елдер әлемнің әр құрлығында орналасқан, ұлттық жағдайлары, басқару жүйелері, экономикалық әл-ауқаты және тағы басқа ерекшеліктері орасан. Тіптен бұларды бір қатарға қоюдың өзі жаңсақ дүние секілді. Дегенімен барлығына ортақ бір зат бар. Бұл елдердің барлығының экономикалық статусы "дамушы ел" деп аталады.
Ал енді бұлардағы қазіргі дағдарыс немен ортақтасады дегенге білгіштер жан-жақты жауап іздеп әлек. Саясаткерлер қалыптасқан жағдайды аталмыш елдердегі саяси биліктің әлсіреуімен, демократиялық принциптердің бұзылуымен, жемқорлықпен байланыстырады. Енді біреулер сол елдердегі экономистердің әлсіздігімен, ситуацияны жасанды түрде осыған алып келді деумен түсіндіреді. Белді-белді экономистер қалыптасқан жағдайды АҚШ-тың монетарлы саясатымен байланыстырады. Тіпті Давостағы соңғы экономикалық клубтың шешімдерімен ұштастыратындар бар. Меніңше, соңғы екі жауап дұрыстардың дұрысы, бірақ оның өзі қосымша корректировканы қажет ететін секілді.
Енді қарапайым тілмен қалыптасқан жағдайға өзімше сарап жасауға тырысайын.
Бірінші, АҚШ-тың монетарлы саясаты өзгерді дегеніміз, бұл ел өзінде жиналған долларларды және жаңадан басып шығарған көк қағаздарын бұдан былай басқаша жарататын болды. Бұрын бұл ақшалардың көбі дамушы елдерге жөнелтілетін (көбіне инвестиция және шикізатқа төлем ретінде), енді дамыған елдерге кететін болды. Есесіне дамушы елдерде тез арада доллар тапшылығы орын алды, бірақ әрине өз еліне кіретін импортқа сәйкес әркім жағдайды өзінше түзеді. Импортқа тым зәру елдер (Ресей, Қазақстан) бірден өз валюталарын девальвациялады, ал импортынан экспорты басым (Қытай, Түркия) тағдырластар өз ішінде қалған долларларды мүлдем сыртқа шығармауға тырысып бағуда (долларға шикізат сатып алуды шектеп тастады).
Екіншіден, АҚШ неге мұндай қадамға барды?. Бұл сұраққа Швейцарияның Давосында болған жиында пирамиданың төбесінде отырған елдердің басты өкілі – Англияның үкімет басшысы Дэвид Кэмерон жауап берді. Дэвид мырзаға сенсек: "Қазір дамыған елдердің жағдайы мүшкіл. Ол елдерде экономикалық өсім соңғы он жылда тіпті тоқтап қалды, келімсектер көбейіп кетті, елді жаппай жұмыссыздық басты. Бәріне себеп дамушы елдер екен, себебі бұған дейін дамыған елдер арзан жұмыс күші бар және шикізат арзан деген желеумен барша өндірістерін сол елдерге шығарып тастаған. Әліге дейін зауыт салса, алдымен Қытайға жүгіреді. Бұл қадамдар қате болыпты. Біз ендігі кезекте инвестицияларымызды тек қана өз ішімізге, дамыған елдерге ғана салу керекпіз, зауыттарды қайтару керекпіз" деп айтып қалды.
Егер әлемдік саясатта АҚШ пен Англияның жұбы ешқашан жазылмағанын және АҚШ-тың өз ішінде әлі де Англия королевасын патшайым деп санайтын элита өкілдері елеулі екенін ескерсек соңғы екі факт өзара түйіседі.
Алла Тағалам қазаққа амандық берсін!