Бүгін Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы 2015 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін, сонымен қатар 2016 жылға жоспарланған міндеттерді қарастырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы 2015 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін, сонымен қатар 2016 жылға жоспарланған міндеттерді қарастырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскери қызметшілері 2015 жылы жауынгерлік-қызметтік міндеттерін адал атқарып, талай мәдени-қоғамдық, саяси іс-шараларды өткізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ете білді. Атап айтар болсақ, күні кеше ғана өткізілген әнші Қайрат Нұртастың ән кешінде ешқандай құқық бұзушылыққа жол берілген жоқ", - деп хабарлады баспасөз қызметінің өкілдері.
Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, өзара бірлескен жұмыстардың арқасында жуырда Іле ауданы Жетіген кентінен жоғалып кеткен 20 жастағы Айзада Авлатарованы Қапшағай маңынан ұландық әскери қызметшілер тауып, оны отбасына аман-есен тапсырған.
"Сонымен қатар, 2015 жылғы шілде-тамыз айларында Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы жүріп өткен селдің салдарын жою үшін ұландық әскери қызметшілер кеңінен тартылды. Ұландықтардың арқасында төтенше жағдай аумағынан 160 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, елді мекендегі 800 метрге жуық аумақ, Ақсай шатқалындағы 2 таулы өзеннің 2 арнасы, 90-ға жуық жекеменшік үй-жай және 3 мектеп пен 1 балабақша қоқыстар мен балшықтардан тазартылды. Сондай-ақ сотталғандарды қадағалау, стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен құпия жүктерді бағыттап алып жүру бойынша да біршама міндеттер уақтылы және сапалы орындалды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Әскери кеңестің аяғында 2015 жылғы жауынгерлік-қызметтік міндеттерді үздік орындаған әскери бөлімдердің командирлері грамоталармен, медальдармен және ауысып отыратын кубокпен марапатталды.