Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Алланың рақымы... Пенденің пейілі...

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Алланың рақымы... Пенденің пейілі... ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

 "Хабарға" жұмысқа тұра салысымен алғашқы іссапарым мемлекет басшысының ұшағымен еліміздің батысына- Атырау облысына бола қалғанын айтсаңызшы! Құдай сәтін салайын десе оңай екен. Баратын журналист ауырып қалды ма, әлде басқа бір себебі болды ма, есімде жоқ. Әйтеуір, жаңалықтарға жарытып сюжет жасамай жатып (қалтамда қызметтік куәлігім де жоқ) кілең ығай мен сығайдың ортасынан бір-ақ шықтым. Ұшақ ішінде айналама қарап, аузымды ашып отырған едім, жанымда отырған мәскеулiк тілші әңгімеге тартты.
-Байқаймын, мұндай сапарға алғаш рет шыққан секілдісің?-деп бір қойды. Басымды изедім.
-Ал, мемлекет басшысы өз қолымен ашуға бара жатқан мынау мұнай кен орны туралы не білесің?-деп сынай тағы бір қарады. Емтихан алғандай тесіле қарап отырған мынаның сауалдары намысыма тигені де рас. Мұнай туралы азды - көпті білетінімді шама келгенше айтып жатырмын. Тәуелсіздік алғанымызға бес- ақ жыл болған, қуаныш пен мақтаныштан аспанға ұшып кетуге шақ қалып жүрген кездер еді ғой. Шынымды айтайын, өзімнен жасы әлдеқайда үлкен, түр әлпеті орыстан гөрі таяу шығыстағы бір ұлтқа көбірек келетін мына егде журналистiң алдында аянып қалғым жоқ.
-Сіз білесіз бе? Алла тағала өзі сүйетін пенделерінен рақымын аямайды. Анау араб елдері қаншама жылдар ағылшындардың езгісінде болды. Ал, сол ағылшындар кете салысымен, арабтар тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Парсы шығанағының әр тұсынан мұнай шіркін фонтан болып атқылады. Құдайын сүйген құлдары әп сәтте мол байлықтың астында қалды. Әлгі ағылшындар бар кезде мұның бірі де болған жоқ. Шүкір, біз де тәуелсіздік алдық. Көріп отырсыз, бізден де мұнай атқылап жатыр. Алланың рақымы түсті деген осы емес пе!-деп лепіріп аяқтадым әңгімемді. Мұқият тыңдап отырған сапарлас көршім жұмбақ жымиып отырып былай деді:
-Алланың рақымы түскені рас шығар. Құдай береді, дауым жоқ! Тек сол рақым түскен жерде пенденің пейілі түзу болсын де...Пенделердің пейілі бұзылса мұнай түгілі басқа байлықтың да құйрығын ұстай алмай қаларсың....
Кәрі журналистiң бұл сөзін мен сол кезде шынымен де пенделік қызғанышқа баладым. Өз аузына қолы енді жеткен егемен елдің қуанышын көре алмайтындар кәзір де аз емес қой. Дегенмен, соңғы жылдары ұшақтағы сол әңгіме жиі -жиі есіме түсе беретін болды. Мұнайына шомылған Ирак отқа оранды. Сахарада жұмақ орнатқан Ливия қанға батып жатыр. Мысырдың жағдайы анау. Бағдадтың да басынан бағы ұшты...Біз де пендеміз! Біз де Алланың рақымы түскен жерде өмір сүріп жатырмыз. Тек, анау сапарлас адам айтқан ПЕЙІЛ туралы ойласам...Тіпті ойлаудың өзі қорқынышты!




Join Telegram