Ауылым шекараның белдеуінде...
1. «Шпион»
Менің ауылым-жердің жәннаты. Оны мен ғана емес, Нарынқолға табаны тиген кез-келген қонақтың айтатындығына бәс тіге аламын. Марқұм Табылды досым менің туған жеріме алғаш келгенде тамсанғанын жасыра алмай «Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай, Жүздерінде шабыт оты жүр маздай...» дегені де кеше еді ғой, шіркін! Ауылымыздың тағы бір ерекшелігі Қытаймен шекараның белдеуінде орналасқан. Белдеуі дегенім- әлгі тікенек сым тартылған шекара ауылдың шеткі үйлеріне тиіп-ақ тұр. Арғы беттегі көршілердің тыныс-тіршілігін байқап жүріп өстік. Бала кезімізде шекараның бойында талай картоп тердік. Сол кезде ұстаздарымыз тамақ орап барған газеттің арғы бетке жел ұшырып кетпеуін қатты қадағалайтын. Бізге де соны ескертетін. КСРО дейтін алып империяның шекарасын бала болсақ та бір адамдай қорғауға тырыстық-ау деймін. Мектепте «Жас шекарашылар» үйірмесі жұмыс істеді. Оған мүше болу – бала біткеннің арманы. Жақсы оқумен қатар, қырағы болуың шарт. Көрші ауылда Қытай жаққа қашып бара жатқан біреуді ұстауға себеп болған бір оқушының алтын сағатпен марапатталғанын естіген соң бізден тіпті маза кетті. Көшеде көрген бөтен адамның бәрі «шпион» болып көріне ме, қалай өзі....
....Үшінші сыныпты бітірген жаз. Демалыс кезі. Байынқол өзенінің жағасында өзімше балық ұстап отырмын. Балық ұстау деген аты ғана. Бұл өзеннен балық ұстап, пісіріп жепті дегенді өз басым естіп көрмеген екенмін. Әйтеуір қолға ілінбейтін майда-шүйде шабақтарды ермек қып отырғаның.
-Ну, здраствуй парень!-деген дауыстан селк ете түсіп артыма қарасам, сақалы қауғадай бір орыс жымиады. Киімі жұлым-жұлым, кір-кір. Арқасында әзер көтеріп тұрған рюкзагы бар. Азып, тозып кеткені байқалып тұр.
-Здрәсти!-дедім қорқынышымды білдірмей. Оның үстіне бар орысшам осы.Жаныма жайланып отырып алып орысым сұрақты жаудырып жатыр. «Балықты көп ұстадың ба?» дейді. Байынқолда су тым суық болғаннан кейін балық болмайтынын да сол айтты. Не деймін? «Иә, жоқ!» деп қана отырмын. Бір кезде әңгімесі шекараға ауыса бастады. Сұрайтыны тікенек сымның шекараның қай тұстарында жоқ екендігі. Менің білетінім Сүмбе ауылы жақта кей жерлерде тікенек темір тартылмаған. Бердібек ағамның кітабынан оқығанмын. Бірақ оны мынау қорқынышты орысқа өлсем де айтпайтыным анық. Өзім де күдіктеніп отырғанмын. Мына сауалдарынан кейін оның «шпион» екендігіне тіпті де күмәнім қалмады. Асығыс қармағымды жинай бастадым. Орысым да қолын бір сілтеп, біздің ауыл жаққа қарай тартты. Ұзады-ау дегенде қармақты бозқарағанның түбіне қалдырып, артынан аңди бастадым. Ауыл ортасындағы шағын базарға келді. Сол жердегі шаруашылық дүкеніне кіріп кетті де, шықпай қалды. Сәтін салғанын қарашы, дәл осы мезетте нан сататын дүкеннің алдына шекарашылардың машинесі келіп тоқтап, ішінен екі-үш әскери түсті. Жетіп бардым. Шет жағындағы офицері қазақ екен, соған сайрап жатырмын...сайрап жатырмын... «Осылай да осылай... анау орыс шекараны сұрады... Қай жерден өтіп кетуге болатынын білгісі келді... «Шпионды» қазір ұстау керек!»
Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар...