2018 жылдың 5 қыркүйегінде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Қазақстан" РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен "Qazsport" телеарнасының директоры Павел Цыбулиннің қатысуымен "Qazaqstan" және "Qazsport" телеарналарында UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды" тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
2018 жылдың 5 қыркүйегінде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Қазақстан" РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен "Qazsport" телеарнасының директоры Павел Цыбулиннің қатысуымен "Qazaqstan" және "Qazsport" телеарналарында UFC жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды" тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Ерлан Қариннің айтуынша, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы бүкіләлемдік UFC спорт ұйымының жекпе-жектерін Қазақстан аумағында бір жарым жыл бойы көрсету құқығына ие болған.
"2018 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында "Qazaqstan" және "Qazsport" телеарналарында UFC-тің 14 жекпе-жегі эфирге шығады. Соның ішінде, 6 қазан күні Лас-Вегаста өтетін ирландиялық Конор МакГрегор мен ресейлік Хабиб Нурмогомедовтың арасында өтетін UFC 229 кеші де көрсетілетін болады. Ал, 2019 жылы 40-тан аса турнирдің көрсетілімі жоспарланып отыр. Жекпе-жек кештерінің негізгі көрсетілімінен бөлек, Қазақстандағы белгілі ММА мамандарының қатысуымен түрлі студиялық бағдарламалар мен атақты UFC спортшылары туралы арнайы хабарлар дайындалады. Аталған келісім-шарт елімізде осы спорт түрінің дамуымен қатар, қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде дайындалуына септігін тигізетін болады".
Ultimate Fighting Championship (UFC) - аралас жекпе-жек спортында жылдам дамып келе жатқан спорттық ұйым. Бас кеңесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар мен миллиондаған жанкүйерлерді жинайтын ауқымды шараға айналған.
Сонымен қатар, қос телеарнада қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасындағы екінші жекпе-жекте көрсетіледі екен.
"16 қыркүйекте барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген Головкин мен Альварес арасындағы бокс кешін көрсететін боламыз. Сонымен қатар, 20 қыркүйектен бастап біздің арналарымызда "Qazaqstan FIGHTER" жобасының тұсаукесері болмақ. Бұл жобада жас спортшылар "Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы" атағы үшін сынға түсетін болады. Жобаның мақсаты - Қазақстандағы аралас жекпе-жек спортын дамыту" ,- деді Павел Цыбулин.