Бокстан Азия чемпионатында қазақстандық бес спортшы алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Бокстан Азия чемпионатында қазақстандық бес спортшы алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Ең алғашқы болып рингке Қазақстан атынан Олжас Сәттібаев шықты. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшының қарсыласы өзбек спортшысы Шахобиддин Зоиров болды. Алғашқы раундтарда ширақ қимылдаған Олжас соңғысында өзбекстандық спортшыға басымдық берді. Дегенмен кездесу 3:0 есебімен қазақстандық боксшының пайдасына шешілді. Осылайша, Олжас Сәттібаев Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды әкелді.
Закир Сафиуллин 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша екінші болып рингке шықты. 28 жастағы спортшы Моңғолиядан келген Дорьнямбуу Отгондалайға қарсы жекпе-жек өткізді. Кездесуде 2:1 есебімен моңғол боксшысы жеңіске жетті. Закир Сафиуллин күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстан атынан үшінші болып команда капитаны Данияр Елеусінов өнер көрсетті. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектің финалдық кездесуінде ол Филиппин спортшысы Марсиал Феликс Сантоспен жұдырықтасты. Жекпе-жек 3:0 есебімен аяқталып, Данияр Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.
Қазақстандық спортшы Василий Левит 91 келіге дейінгі салмақта Өзбекстан боксшысы Рустам Тулягановпен кездесті. Алғашқы раундта жеңіліп қалған спортшымыз қалған екеуінде жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділбек Ниязымбетов өзбекстандық Эльшод Расулмен кездесуі керек болған. Дегенмен өзбек спортшысы жарақаттарына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Әділбек Қазақстанға бокстан Азия чемпионатында алтын медаль әкелген төртінші спортшы болды.
© Кazsport
Ал 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде еліміздің атынан Иван Дычко шықты. Ол қытайлық Янга Жибаоны жеңді.
Осылайша, Тайландта өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар бес алтын медаль, бір күміс және бір қоламен командалық есепте көш бастады.
Айта кетейік, Қазақстан қоржынына жалғыз қола медальді 56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Қайрат Ералиев әкелді.