Павлодар тұрғыны өзіне полицейдің есірткі салып жібергенін әшкереледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық сотына сілтеме жасап.
Павлодар тұрғыны өзіне полицейдің есірткі салып жібергенін әшкереледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық сотына сілтеме жасап.
Юрий Кукшин сотта өзін ұстау кезінде полиция қызметкерінің есірткі салып жібергенін дәлелдеді. Облыстық соттың мәліметінше, бұрын есірткі сақтағаны және сатқаны үшін айыпталған ер адам қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақталды.
Өз кінәсіздігін дәлелдеу үшін Павлодардың 39 жастағы тұрғынына екі жыл уақыт қажет болды, осы уақыт ішінде оған тергеу изоляторында отыруға тура келді. "Мені үй ауласында ұстап алды, қолымды қайырып, жерге құлатты, кейін қалтама героині бар кішкентай пакетті салды. Мен пакетте қолымның ізі бар-жоғын анықтау үшін полициядан қолымнан сынама алып, сараптама жүргізуді талап еттім. Бірақ маған "сен бұрын сотталғансың, саған ешкім сенбейді" деді", - деп әңгімеледі Кукшин.
Оның айтуынша, Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Мұрат Қожанов шұғыл ұстау кезінде мұның шалбарының сол жақ қалтасына героин салған. Есірткі салып жіберу дерегі шұғыл түсірілім кадры арқылы және ұсталған адамның қарт көршісінің куәлігімен дәлелденді.
Дегенмен тергеу бұл дәлелге көңіл аудармай, Кукшинді қылмыс жасады деп айыптады. Сот талқылауы барысында павлодарлық қалтасына есірткі салып жіберген полицейдің үстінен қалалық ішкі істер басқармасының өзіндік қауіпсіздік бөліміне және қаржы полициясына жиырмаға жуық арыз жазды. Бірақ тәртіп сақшысына қатысты қылмыстық іс қозғалмады.
Кукшиннің ісі төрт рет тергеуге қайта жіберілді, содан кейін қайтадан сотқа келді. Бас прокуратура араласқаннан кейін барып, Кукшин кінәсіз деп танылды, ал Қожановтың үстінен "Билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану", "Аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз тасымалдау және сату мақсатынсыз сақтау" және "Ауыр қылмыс туралы қылмыстық істі бұрмалау" баптары бойынша үш бірдей қылмыстық іс қозғалды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, полиция қызметкері 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта айыпталушы полицей ішкі істер органдарында жұмысын жалғастырып жатыр. Павлодар полициясы өкілдерінің хабарлауынша, оны жұмыстан шығару мәселесі сот үкімінен соң қаралады.