2014 жылы Батыс Қазақстан облысының 23 елді мекені газдандырылатын болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 3 млрд. 291 млн. теңге бөлінген. Көгілдір отын қызығын күзге салым көруі тиіс ауылдар: Есенсай, Кеңсуат, Құрайлысай, Тасоба, Әжібай, Сайқұдық, Ерсары, Қандық, Аңқаты, Бесоба, Қоржын, Қарақамыс, Сәуле, Жусандой, Жіңішке, Белогор, Полтавка, Жырақұдық, Қособа, Бірінші Май, Коминтерн, Жетікөл, Қосарал. Бұл елді мекендерде жалпы саны 13 мың адам тұрады.
Айта кету керек, өткен жылы облыстың 9 елді мекені газға қосылған болатын. Биыл облыстың газбен қамтылу көрсеткішін 87,6 пайызға жеткізу жоспарлануда.