Мектеп демалысы кезінде елордалық мәдениет мекемелері оқушыларға арнап ерекше бағдарлама әзірлеп отыр. Астаналық цирк, Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, сондай-ақ, Астана қаласының Қуыршақ театры демалысқа орай өз репертуарларын түзетті, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры 5 қарашада сағат 18:00-де оқушыларды қазақ халқының батырлар жыры - "Алпамыс" эпосының желісімен қойылған "Дала аңызы" әфсанасының премьерасына шақырады. Батырлық эпос қазақстандықтардың жас буынын патриоттық тәрбиелеу және Отанын қорғауға дайындық мақсатында репертуарға енгізілді. Қойылымды 6 қарашада сағат 18:00 де тамашалауға болады.
Сондай-ақ, 6 қарашада сағат 11:00-де театрда С. Астраханцевтың "Братец Лис и Братец Кролик" ертегісінің қойылымы өтеді.
5-6 қарашада сағат 12:00-де және 14:00-де Астана қаласының Қуыршақ театрында (Республика даңғылы, 3) балет жанрындағы "Менің салған суретім" ("Это я нарисовал") спектаклі көрсетіледі. Қойылымда жер бетіндегі тірі жандардың пайда болуы туралы әңгімеленеді.