ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Украинада соғыс әрекеттерін тоқтату туралы келісімнің тағы да бұзылуы мүмкін екеніне қауіп білдірді. Бұл туралы ол Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Украинада соғыс әрекеттерін тоқтату туралы келісімнің тағы да бұзылуы мүмкін екеніне қауіп білдірді. Бұл туралы ол Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Украина жанжалы халықаралық қатынастардың барлық жүйесі үшін нағыз сынақ болды. Жылдың басынан бері ахуал айтарлықтай нашарлады. Біз бүгінде демімізді ішке тартып, бейбітшілікті қалпына келтіру процесін бақылап отырмыз, өкінішке қарай, жаңалықтар аса қуанышты емес. Бейбітшілікті қолдау, соғыс әрекеттерін тоқтату туралы күрделі келісім белгілі бір себептерге байланысты бұзылуы мүмкін деген қауіп бар", - деді ол.
Министр Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл күрделі мәселемен күн сайын айналысып отырғанын айтты. "Мемлекет басшысының бұл күрделі дағдарыста фасилитатор ретінде белсенді қызмет етіп жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біз білетін Минск келісімдері Мемлекет басшысының жеке бастамасы арқасында мүмкін болғаны анық", - деді ол.
"Минскіде тамыз айында ЕАЭО, Еуропа одағы және Украина үштігі жетекшілерінің кездесуі өткенін білесіздер. Бұл кездесу тамыздың соңында 5 және 19 қыркүйек күндері Минск келісімдеріне қол қоюға негіз болды. Атысты тоқтатуға шақырған бұл келісімнің де сақталмағанын білесіздер. Желтоқсан-қаңтар айларында Минск келісімдеріне қарамастан, зорлық-зомбылықтың арта түскенін көрдік. Сондықтан Мемлекет басшысы желтоқсан айының соңында бейбітшілікті үгіттеуге белсенді түрде күш салды. Оның Минскіге, одан кейін бірден Мәскеуге барғанын, одан кейін бізге Франция президенті Олландтың келгенін білесіздер, Олландпен бір күн бойы украин дағдарысы жөнінде келіссөздер жүрді, содан кейін Олланд Мәскеуге аяқ астынан аялдама жасауға шешім қабылдады. Қаңтар айы бойы біз "норманд төрттігінің" кездесуін тағатсыздана күттік, алғашқыда ол Астанада өтеді деп болжанған еді, бірақ қисынды себептерге байланысты ол мұнда өте алмады", - деді Ыдырысов.
Оның айтуынша, Ангела Меркельдің қоңырау шалуы, Назарбаевтың күні кеше Украина президентімен сөйлесуі, Ресей президентімен екі мәрте сөйлесуі Қазақстанның бұл мәселедегі маңызды ролін тағы бір айғақтайды. "Қаңтарда Минск процесін жандандырған Мемлекет басшысы болды, бұл процесс қолдауға ие болады деген үміт бар. Дегенмен ахуалдың өте күрделі екенін, себебі біздің талдауымыз бойынша жанжалға қатысы бар шешуші мемлекеттердің іргелі мүдделерінің арасында айырмашылық үлкен. Бір-бірінен алшақта жатқан мүдделерді жымдастыру өте қиын. Бірақ, Мемлекет басшысы айтқандай, бейбітшіліктен әсте үміт үзуге болмайды, бейбіт процесті қолдап, дамыту үшін барлық мүмкін шараларға күш салу керек", - деді министр.
Ыдырысов украин дағдарысы жөніндегі жұмыстар шеңберінде Еуропа одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасына көпір салу идеясын іске қосудың маңызды екенін атап өтті. "Бұл - аса маңызды геосаяси бастама әрі көзқарас. Біз Германия сыртқы істер министрі, канцлер Меркель сияқты маңызды саяси тұлғалардың біздің бастамамызды көбірек қолдап жатқанына қуаныштымыз. Бұл оңай бастама емес, өте күрделі. Оның ар жағында саяси-экономикалық мәселелердің қоры жатыр. Бірақ, соған қарамастан, ол - Мемлекет басшысының көзқарасы бойынша өміршең бастама және Қазақстан ол желіні жалғастыратын болады. "Норманд төрттігі" шеңберінде келісімдерге қол қоюдың қорытындылары бойынша Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде біздің ЕО мен ЕАЭО арасында диалогты дамыту мәселесіне маңыз беруіміз бекер емес", - деді Ыдырысов.