Астана қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов Астананың жолаушылар көлігі басқармасы басшысының парамен ұсталуына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов Астананың жолаушылар көлігі басқармасы басшысының парамен ұсталуына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мұндай деректер болатын жағдайда шенеунік, біріншіден, Заң алдында жауап беруі тиіс. Бұл істі зерттеп, сотқа дейін жеткізіп және жауапкершілікке тарту - бұл құқық қорғау органдарының өкілеттілігі. Ал біздің міндетіміз - Астанада болған жемқорлық деректерін бақылап, олармен күресу жолдарына қажетті ұсыныстарды айтып, органдарға сауал жолдау", - деді Есілов.
Оның айтуынша, қоғамдық кеңес әкімдіктегілердің атқарған жұмыстарын бақыламайды. Кеңестің міндеті - әкімдіктегілерге кеңес беру. "Бұл қоғамдық ұйым. Мемлекеттік орган емес. Біз қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейміз. Белгілі бір жұмысты қарап, олардың сапасын тексеру біздің міндетіміз емес. Онымен мердігерлер айналысады. Біздің ондай мүмкіндіктеріміз жоқ, себебі ол үшін мамандар қажет. Қандай да бір жұмыстың сапасын тексеретін атқарушы биліктегілердің арнайы құрылымдары бар. Онымен тек қала әкімдігі емес, сонымен қатар министрліктегілер, ведомство өкілдері мен орталық атқарушы органдар айналысуы керек", - деді Есілов.
Осыған дейін Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысының пара алып жатқан жерінен ұсталғаны туралы хабарланған болатын. "28 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша Департаменті елорда әкімдігінің жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменовті екі кәсіпкерден жалпы сомасы 2,1 миллион теңге пара алып жатқан жерінен ұстады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.