Қазақстанда депутаттардың, судьялардың және мемлекеттік қызметкерлердің кірісі жөнінде мағлұматты ашық жариялау ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанда депутаттардың, судьялардың және мемлекеттік қызметкерлердің кірісі жөнінде мағлұматты ашық жариялау ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"САНДЖ" зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңы талқыланған халықаралық мәслихат барысында депутаттарға, судьяларға және мемлекеттік қызметкерлерге табыстарын жариялауды ұсынды.
"Тағы бір мәселе - біздің депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер туралы ақпарат пен олардың активтері жөніндегі декларация. Бізде өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлер сол декларацияны тапсырады деп айтылғанымен, ол шын мәнінде еш жерде жарияланбайды. Ол мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізу өте қиын. Сонымен қатар, бізде қазір мемлекеттік шенеуніктер, депутаттар, судьялар туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкін болмай барады, оларды жариялау мүмкін емес. Себебі қазір ол олардың жеке мағлұматы мен жеке кеңістігіне қатысты талап бұзушылық болып есептеледі", - деді Жанар Жандосова ҚР "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңы талқыланған халықаралық мәслихат барысында.
Оның айтуынша, мұндай мәліметтерді жариялауға талпынған сәтте олардың көпшілігі бірдей аяқталады. "Мысалы, біз кеден бекетінде бір жыл жұмыс істеп, үлкен үй алған кеденшіні көрсете бастасақ, ол біздің жеке мағлұматымыз, оны жариялап, қоғамдық мүлік етуге болмайды деген сияқты көптеген талап арыздар түсе бастайды", - деп мысал келтірді зерттеу орталығының басшысы.
Сонымен қатар, ол мұндай ақпараттардың ашық әрі қолжетімді болуы керек екенін айтты. Ал мемлекеттік қызметкерлерге қатысты мәліметтердің құпия болуына байланысты Жандосова мынадай мысал келтірді. "Міне қазір мына зал: қараңыздар, журналистер шет жақта отыр, артқы жақтағы қатарларда, оларға таныстырылым көрінбейді. Бұл мазақ ету, біз ақпаратты қолжетімді етуді талқылап отырмыз, ал журналистерге экраннан оны көруге мүмкіндік бермейміз", - деді "САНДЖ" орталығының басшысы.
Жандосованың ұсынысына депутат Нұрлан Әбдіров жауап берді. Ол жиналғандардың есіне Қазақстанда осыдан бірнеше жыл бұрын "Дербес деректер туралы" заңның қабылданғанын салды.
Айта кетейік, талқыланған "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңы Мәжіліске түсті. Таяуда оны бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр.