Үкімет журналистерге арнап қызметтік баспана салуы керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына сауал жолдаған сенатор Нұрлан Оразалин осындай мәселені көтерді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Үкімет журналистерге арнап қызметтік баспана салуы керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына сауал жолдаған сенатор Нұрлан Оразалин осындай мәселені көтерді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстан жұртшылығына рухани қызмет көрсетіп, республика көлемінде болып жатқан жаңалықтар мен ақпараттардың дер кезінде таруына, сонымен қатар, сағат-сәт сайын өзгеріп тұрған жаһандану жағдайындағы әр алуан дүниелік құбылыстарды тану, талдау сипатында қомақты міндет атқарып жүрген журналистер қауымының қоғамдағы орна арта түсуде. Бұл - дәлелсіз шындық", - деді депутат Нұрлан Оразалин бүгін Сенаттың жалпы отырысында.
Депутат елімізде 252 электрондық БАҚ, 146 телерадиокомпания, 88 телекомпания, 58 радиокомпания, 98 кабельді оператор, 1364 газет, 522 журнал, 64 ақпарат агенттігі жұмыс жасайтынын айта келе, алайда онда қызмет ететін журналистердің қаншалықты әлеуметтік қамсыздандырылғаны, баспанамен қаншасы қамтылғаны туралы ақпарат жоқ екендігін алға тартты. Бұл ретте ол Тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келе жатқан БАҚ өкілдерін, әсіресе мемлекеттік арналарда қызмет жасайтын жас журналистерді баспанамен қамтамасыз ету кезек күттірмес саяси-әлеуметтік маңызды мәселе екенін айтты.
Сенатордың пікірінше, қазіргі таңда көпшілік журналистердің, соның ішінде жас отбасын құрған қаламгерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы көңіл көншірлік емес, олардың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Ал Астана мен Алматы секілді қалаларда пәтер жалдау құны қымбат, айлық табыстың бір бөлігі пәтер жалдауға кетеді.
"Ақпарат, әсіресе, электрондық ақпарат кеңістігі салаларында тікелей әсер етер бірден бір ықпалды күшке айналып отырған қазіргідей күрделі заманда қаламгер журналистерге жағдай жасау - тәуелсіз еліміздің ішкі беріктігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүргізілер шара. Жалғыз журналистер ғана емес, бүгінгі күні өнер мен әдебиеттің біраз өкілі осындай пәтер тапшылығының тауқыметін тартып отыр. Сондықтан да, Үкімет арнайы бағдарлама әзірлеп, мемлекеттік БАҚ қызметкерлері мен әдебиет, өнер саласындағы дарынды жастар үшін қызметтк тұрғын салу мүмкіндігін қарастырған жөн болар еді. Үкіметтің "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының баспанаға мұқтаж азаматтарды толығымен қамту мүмкіндігі шектеулі. Осы орайда, тым болмаса журналистерге, өнер мен әдебиет саласындағы дарынды жастарға Астана қаласынан мемлекет есебінен арнайы жатахқана қалашығын салу ісі қолға алынса, олардың басындағы тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтары едәуір жеңілдер еді", - дейді сенатор Нұрлан Оразалин.