Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев EXPO-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысқаннан кейін Қазақстанды қызғанғанын жасырмады. Ал айтқан пікірі қоғамда екіұшты қабылданды. Алмазбек Атамбаев көрме ұйымдастыруға осыншалықты қыруар ақша жаратса, "қырғызстандықтар оны өртеп жіберетінін" айтқан. Көрші ел президентінің соңғы уақыттағы пікірлері өткір. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі Қырғызстан басшысының стратегиясы қандай екенін саясаттанушыдан сұрастырып көрді.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев EXPO-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысқаннан кейін Қазақстанды қызғанғанын жасырмады. Ал айтқан пікірі қоғамда екіұшты қабылданды. Алмазбек Атамбаев көрме ұйымдастыруға осыншалықты қыруар ақша жаратса, "қырғызстандықтар оны өртеп жіберетінін" айтқан. Көрші ел президентінің соңғы уақыттағы пікірлері өткір. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі Қырғызстан басшысының стратегиясы қандай екенін саясаттанушыдан сұрастырып көрді.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры жанындағыы Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат жобаларының координаторы Асқар Нұршаның айтуынша, мұндай пікірлері Атамбаевтың өз халқымен саяси байланыс ерекшелігіне қатысты.
"Соңғы жылдары қырғыз саясаткерлерінің президентке қатысты сыны жиіліп кетті. Атамбаев бұл сөзімен өзіне және кабинетіне шығынның мұндай деңгейі кешірілмейтінін айтқысы келді. Саясат жолында ол күрделі ішкісаяси жағдаймен және қиын қаржылай ресурстармен бетпе-бет келді. Қырғызстан мен Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіштері әрқандай екені түсінікті, осыған байланысты маңызды шараларды қаржыландыруы да соған лайық болады. Ол өзінің жағдайында осындай қыруар қаржы бөлу қиын болар еді дегенді айтқысы келді", - деп бағалады Атамбаевтың пікірін сарапшы.
Сонымен қатар, саясаттанушы бұл жағдайдан дау шығаратындай себеп көрмейтінін, себебі Атамбаевтың Қазақстанға қатысты жаман ойы болмағанын айтып отыр.
"Керісінше, белгілі бір деңгейде қазақстандықтар өз елінің осындай ірі шараны жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін жалпы ішкі өнімінің осыншалықты болғаны үшін қуануы керек", - деп есептейді ҚР Тұңғыш Президенті Қорының аясындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат жобаларының координаторы.
Сондай-ақ, сарапшы Қырғызстанда билік ауысатын кезең таяғанда Атамбаевтың халықпен ашық сөйлесуге көшетінін айтады. Сондықтан, айтуынша, белсенді парламенттік күрес жағдайында мұндай пікірлері оған оң нәтижеге бір қадам да болса көмек болуы мүмкін.
Айта кетейік, қырғыз басшысының бұған дейінгі пікірі де қоғамда қызу талқыланған еді. Атамбаев Euronews тілшісінің "ЕАЭО Ресей мүддесіне көбірек жұмыс істейді деп есептемейсіз бе?" деген сұрағына: "Бізге біреумен сауда-саттық жасау керек, көршілермен жұмыс істеуіміз керек. Егер бұл одаққа кірмесек оқшау қалып қоятын едік. 2010 жылы Қазақстан бізді 1,5 айға оқшаулап тастаған кезде, бізде адам шығыны да болды. Оқшаулану жақсы емес болғандықтан, осындай жағдай болды. Енді біз қайда қосыламыз? Ауғанстанға ма? Біз Еуроодаққа кіруге дайынбыз. Мен мұны ұсындым, маған тура жауап берді: бізде ортақ шекара жоқ. Енді біз не істейміз? Бізде алты миллион адам бар. Оқшауланып алып, ну ормандағы тайпалар сияқты өмір сүру ме? Біз дамуымыз керек, бізге нарық керек", - деп жауап берген еді Қырғызстан басшысы.
Кейін бұл пікірге байланысты Елбасы ойын айтты. "Бұған қысқаша ғана жауап беремін. Жақында біздің премьер-министр Сағынтаев қырғыз елінде болды. Атамбаев оны қабылдады. "Ағаттық кеткен екен, неге соған көңіл бөлесіңдер?" депті. Ұлы Абайдың сөзі бар: Қырғыз-қазақ бір туған дегенді дүниеде қолданбайтын ешкім жоқ". Сондықтан біз көршілес елміз. Ел басшылары келеді, кетеді, ал халық қалады. Оған онша көңіл бөле бермеу керек. (...). Түсіндіре кету керек, төңкеріс болып, Қырғызстанда заңды отырған президентті орнынан құлатып жіберді, сосын түрмеде отырғандарды шығарды. Барлық сотқарлар бізге қарай лап еткенде жаптық шекараны. Болашақта солай болатын болса, шекараны тағы да жабамыз. Қай мемлекет шекарасын жаппайды, әрбір мемлекет өз қауіпсіздігін ойлайды. Түркия да жауып отыр, сол кезде Өзбекстан да, Тәжікстан да жапты. Ол жерде ешкімнің кінәсі жоқ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айтуынша, кінә сол жерде болған жағдайда. "Керісінше қырғыз елінде азамат соғысы болмасын деп, мен Бәкиевті алып шықтым. Оның төңірегінде қаруланған үлкен топ болатын. Бішкекке барып, барлығын қиратамыз деп отырған кезде сол кездегі мемлекет басшысы Отынбаев деген болатын, соның қолхатымен (ол бізде бар) "Алып кетуді сұраймыз" дегеннен кейін ұшақпен әскерилерді жіберіп, ішін тынышталдырғанмын. Сондықтан оған мән бере берудің қажеті жоқ. Саясаткер болу үшін, ел басқару үшін кәдімгі пілдің терісіндей терің болуы керек, садақтың оғы өтпейтін. Ол өтімді, кетімді, бірақ әрине, елдің басшысы болғаннан кейін ойланып сөйлеу керек. Сондықтан туысқан әрі бауырлас елдің арасындағы қарым-қатынасқа сол арқылы сызат түседі деп мен ойламаймын", - деп мәлімдеген еді Елбасы.